Бокс

Абылайхан Хусаинов 27 қарашада Уфада чемпиондық белдікке таласады

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Абылайхан Хусаинов келесі жекпе-жегін ресейлік Михаил Григорянға қарсы өткізеді. Қос боксшы 27 қарашада Уфада вакантты EBP чемпионы атағын сарапқа салады.

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Абылайхан Хусаиновтың (13-2) келесі қарсыласы анықталды. Ол жеңіл салмақтағы жекпе-жекте жеңіліп көрмеген ресейлік Михаил Григорянмен (10-0, 2 КО) кездеседі.

Айқас 27 қарашада Ресейдің Уфа қаласында өтетін IBA Pro 22 кеші аясында ұйымдастырылады. Бұл кездесуде жеңіл салмақтағы вакантты EBP әлем чемпионы атағы сарапқа салынады.

34 жастағы Хусаинов үшін бұл IBA Pro ұйымындағы алғашқы жекпе-жек болмақ. Ал 25 жастағы армян текті Григорян бұған дейін IBF Asia чемпионы және IBF Youth жастар арасындағы әлем чемпионы атанған.

Хусаинов соңғы кездесуін 2024 жылғы 28 желтоқсанда Қытайдың Хайкоу қаласында өткізіп, вакантты WBO Inter-Continental белдігі үшін Юнцян Яньға ұтылған еді. Григорян болса соңғы рет 14 тамызда Набережные Челныда рингке шығып, Уганда өкілі Генри Отебаны төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген.