2035 жылғы әйелдер арасындағы әлем чемпионатын Ұлыбритания қабылдайды
Англия, Солтүстік Ирландия, Шотландия және Уэльс 2035 жылғы әйелдер арасындағы футболдан әлем чемпионатын бірлесіп өткізетін болды. Бұл Ұлыбританияда 1966 жылдан бері алғаш рет әлем чемпионаты өтпек.
ФИФА 2035 жылғы әйелдер арасындағы әлем чемпионатын Англия, Солтүстік Ирландия, Шотландия және Уэльске сеніп тапсырды. Бұл шешім төрт елдің бірлескен өтінімі арнайы онлайн отырыста бекітілгеннен кейін жарияланды.
Осылайша, Ұлыбританияда футболдан әлем чемпионаты 1966 жылғы ерлер турнирінен бері алғаш рет өтеді. Жарысқа 48 құрама қатысып, 39 күн ішінде 104 матч ойналады.
«Бәріміз бірге» атауымен ұсынылған жоба 19 аренаны қамтиды: оның 14-і Англияда, біреуі Солтүстік Ирландияда, екеуі Шотландияда және екеуі Уэльсте орналасады. Англиядағы нысандар қатарында «Уэмбли», «Олд Траффорд», «Эмирейтс», «Тоттенхэм Хотспур Стэдиум» секілді стадиондар бар.
Уэльс жағынан Кардифф Сити Стэдиум мен Принсипалити Стэдиумы, Шотландиядан Эдинбургтегі Easter Road және Глазгодағы Hampden Park көрсетілген. Солтүстік Ирландияда қайта жаңғыртылған Windsor Park ойындарды қабылдауы тиіс.
ФИФА бұл жоспарға тағы үш стадионды қосу мүмкіндігін де қарастырып отыр: Бирмингемдегі жаңа Powerhouse Stadium, Уэльстегі Рексемнің жаңартылған Racecourse Ground аренасы және Челсидің ықтимал жаңа стадионы. Бұл жағдайда турнир 16 қала мен 22 алаңды қамтуы мүмкін.
ФИФА әлі төрт қосалқы қожайынның бәрі турнирге автоматты түрде жолдама ала ма, жоқ па — соны нақтылаған жоқ. Ал ұйымның бағалауында бұл өтінім 5 балдың 4,3-іне лайық деп танылған.