Кардиффте Фьюри мен Джошуа жекпе-жегін түнгі уақытта өткізуге рұқсат берілді
Кардифф қалалық кеңесі 11 желтоқсандағы Тайсон Фьюри мен Энтони Джошуа жекпе-жегін түн ортасынан кейін аяқтауға келісім берді. Ұйымдастырушылар бұл шара қалаға табыс пен танымалдық әкелетінін айтады.
Кардифф қалалық кеңесі көп күткен Тайсон Фьюри мен Энтони Джошуа арасындағы айқасты түннің ауысқан шағында өткізуге рұқсат берді. Жекпе-жек 11 желтоқсанда Кардиффтегі «Принсипалити» стадионында өтпек.
Шешімге сай, ложалардағы жанкүйерлерге алкогольді 03:00-ге дейін ішуге болады, ал нысан 03:30-да жабылады. Мұның бәрі АҚШ-тағы прайм-тайм көрсетіліміне сәйкестендіріліп отыр.
Кеңес мүшелеріне шара кезінде қоғамдық тәртіпті сақтау үшін 130 полиция қызметкері жұмылдырылатыны айтылды. Сондай-ақ әдеттегі спорттық іс-шарамен салыстырғанда тәртіп сақшылары екі есе көп болады.
Жергілікті тұрғындардың бір бөлігі түнгі мезгілде аяқталатын жекпе-жекке қарсы болып, шу, бұзақылық және қоғамдық қауіпсіздікке алаңдаған. Алайда олардың ешқайсысы отырысқа келмеген. Кеңесте бұл кештің қала үшін «үлкен оқиға» екені, Кардиффтің табысы мен беделін арттыратыны айтылды.
Оңтүстік Уэльс полициясынан Хью Томас жарыс бағдарламасының ұзақтығы тәртіп сақшылары үшін басты қиындық болатынын атап өтті. Оның сөзінше, бұл жекпе-жекті полиция үш күндік шара ретінде қарастырып отыр.
«Принсипалити» стадионының директоры Марк Уильямс рингке шығу уақыты 12 желтоқсан күні GMT бойынша 01:00-де болатынын, ал жекпе-жек 01:30-да басталады деп күтілетінін айтты. Қазіргі кезде билеттер әлі бар, бірақ сұраныс толық орындалса, 77 мың көрермен жиналады деп күтілуде.
Қосымша шаралар ретінде таңғы сағаттарда пойыз қатынасын көбейту жоспарланған. Шу деңгейіне қатысты сыртқы дауысзорайтқыш қолданылмайды, ал дыбыс оқиға барысында бақыланады.
Ұйымдастыру комитеті бастапқыда жекпе-жек алдында тікелей музыка болады деп жоспарлағанымен, ол жүзеге аспайтыны белгілі болды. Дегенмен ұлттық әнұрандар шырқалады. Ал алкогольге қатысты өтініш бір түнге ғана арналған «шағын екі сағаттық ұзарту» ретінде қаралды.