Күрес

Эдуард Базров Дияр Нұрғожайдың UFC-дегі кезекті жеңісін бағалады

DAR Team бас бапкері Эдуард Базров Дияр Нұрғожайдың Алик Лоренцті жеңіп, UFC-дегі қатарынан үшінші жеңісіне жеткенін жоғары бағалады. Жекпе-жек Дохада өткен UFC Fight Night 294 турнирінде өтті.

DAR Team бас бапкері Эдуард Базров Дохада өткен UFC Fight Night 294 турнирінде қазақстандық Дияр Нұрғожайдың америкалық Алик Лоренцті жеңген жекпе-жегіне пікір білдірді.

Базров шәкіртінің жұмысын жоғары бағалап, оның кездесуді мерзімінен бұрын аяқтағанын және UFC-де қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізгенін атап өтті.

«Дияр — үлкен молодец, красавчик! Бойды мерзімінен бұрын аяқтай алды, UFC-де үшінші рет қатарынан жеңіске жетті. Қарсыласы мықты болды. Дияр жақсы дайындалғаны көрініп тұр, октагонда өз жұмысын жүз пайыз орындады. Оған алдағы уақытта да табыс тілейміз!»

Нұрғожай мен Лоренцтің жартылай ауыр салмақтағы жекпе-жегі үш раундқа жоспарланған еді. Алайда қазақстандық файтер екінші раундта техникалық нокаутпен жеңіске жетті.

Осылайша, Дияр Нұрғожай UFC-дегі жеңісті сериясын жалғастырып, мансабындағы маңызды нәтижелердің біріне қол жеткізді.