Бокс

Токаев Саят Ильясовқа Қазақстан азаматтығын беру туралы жарлыққа қол қойды

Боксшы Саят Ильясов енді Қазақстан атынан халықаралық аренада еркін өнер көрсете алады. Бапкері оның құжаттары рәсімделіп жатқанын және сары қағазын жыл соңына дейін алуды жоспарлап отырғанын айтты.

Узбекстандық боксшы Саят Ильясов Қазақстан азаматтығын алды. Оның бапкері Ердос Жанабергенов Мемлекет басшысы азаматтық беру туралы жарлыққа қол қойғанын хабарлады.

«Президентіміз жарлыққа қол қойғаны туралы жаңалықты естідік. Сол сәтте миграциялық полицияға барып, барлық құжаттарын тапсырдық», — деді Жанабергенов.

Бапкердің айтуынша, құжат рәсімдеу ісі жедел жүргізілген. Қазір Ильясов Түркістан облысындағы «Алматау» базасында оқу-жаттығу жиынында жүр және ұлттық құрамаға көмектесіп, жігіттермен бірге дайындалып жатыр.

Алдағы уақытта ол Ташкентте өтетін әлем кубогының финалдық кезеңіне қатысатын қазақстандық боксшыларға қолдау көрсетпек. Жанабергеновтің сөзінше, қажетті рәсімдер аяқталғаннан кейін спортшы құжатқа қол қойып, суретке түседі, содан соң жыл соңына дейін Қазақстанның көк паспорты қолына тиюі мүмкін.

Ильясов Өзбекстан құрамасы сапында 2022 жылғы жастар арасындағы Азия чемпионатында қола, 2023 жылы құрлық біріншілігінде күміс медаль жеңіп алған. Сондай-ақ ол 2025 жылы 22 жасқа дейінгі Азия чемпионы атанып, IBA әлем чемпионатына қатысты.

Боксшы Қазақстанға қаңтардың соңында тарихи отаны үшін өнер көрсету мақсатымен келген еді. Алайда азаматтық құжаттарының толық рәсімделмеуіне байланысты ол қараша айында бүкіл даярлығын жұмсаған Қазақстан чемпионатына қатыса алмай қалды.