Күрес

Исатай Мади UFC-дің Қазақстандағы турниріне қатысты уақытын айтты

Қазақстандық комментатор Исатай Мади UFC өкілдерінің Алматы мен Астанаға жасаған сапары жайлы айтып, елдегі алғашқы турнирдің қашан өтуі мүмкін екенін бағалады. Оның сөзінше, нақты келісімдер ауызша деңгейде жасалған, енді құжат жүзінде бекіту ғана қалған.

Қазақстандық комментатор Исатай Мади UFC өкілдерінің Қазақстанға сапары және лиганың елдегі тұңғыш турнирін өткізу мерзімі туралы пікір білдірді.

Оның айтуынша, UFC мен Zuffa LLC делегациясы тек Алматыны ғана емес, Астананы да аралаған. Бұл сапардың мақсаты — турнир өткізуге қолайлы нысандар мен ареналарды қарап шығу болған.

«Делегация локациялар мен ареналарды көріп, екі қала әкімдерімен алдын ала кездесулер өткізді. Соңғы шешім турнирдің нақты күніне және ол кезеңде қай алаңдардың бос болатынына байланысты болады», — деді Исатай Мади.

Ол сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігімен жүріп жатқан келіссөздер туралы да тоқталды. Комментатордың сөзінше, ауызша келісім бойынша мәселе шешілген, енді барлығы құжат түрінде рәсімделуі тиіс.

Исатай Мади UFC турнирі Қазақстанда 2027 жылдың бірінші жартысында өтуі мүмкін бе деген сұраққа нақты күнді білетінін, бірақ құпиялылық жөніндегі келісімге байланысты оны айта алмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бұл дата әзірге алдын ала нұсқа ғана.

Айта кетейік, бұған дейін министр Ербол Мырзабосынов Қазақстанда UFC турнирін 2027–2028 жылдары өткізу жөнінде бірнеше жұмыс кездесуі өткенін және келіссөздер жалғасып жатқанын растаған еді.