Юрий Вакулко «Ордабасыдағы» чемпиондықты ерекше кезең деп атады
Шымкенттік «Ордабасы» украиналық жартылай қорғаушы Юрий Вакулкомен келісімшарт мерзімі аяқталған соң қоштасты. Футболшы өткен маусымды қорытындылап, Қазақстан чемпионатында қалғысы келетінін айтты.
Шымкенттік «Ордабасы» украиналық жартылай қорғаушы Юрий Вакулкомен келісімшарт мерзімі аяқталған соң ресми түрде қоштасты. Өткен маусымда ол барлық турнирде 26 матч өткізіп, 3 нәтижелі пас берді.
Вакулко командаға былтыр «Кривбасстан» ауысқан еді. Ол маусым соңындағы қоштасу жайлы айтып, клуб басшылығымен ақырғы әңгіме банкет кезінде болғанын жеткізді. Футболшының сөзінше, тараптар қол алысып, бір-біріне сәттілік тілеген.
«Ордабасыдағы» маусымды ол мансабындағы ең сәтті кезеңдерінің бірі деп бағалады. Жартылай қорғаушы команда маусым басында қиын жағдайда болғанын, алайда кейін ұжым біртіндеп еңсесін көтеріп, ақыры қос титулға қол жеткізгенін атап өтті.
Вакулконың айтуынша, маусым басында команда құрамында легионерлер аз болып, жас ойыншылар көп еді, ал жаттығулар қар үстіндегі жасанды алаңда өткен. Кейін жаңа басшылық келіп, ұжымға бірден басты міндет Чемпиондар лигасына жолдама алу екенін айтқан. Футболшы мұндай талап команданы одан әрі жігерлендіргенін жеткізді.
Ол «Ордабасының» табысына бір адамның емес, бүкіл ұжымның үлесі бар екенін айтты. Вакулко Амир, Эльхан Астанов, Сергей Малый, Берн, Михай Капацина, Алекса Аманович және медициналық штабтың еңбегін ерекше атап өтті. Сондай-ақ бапкерлер құрамы тактикамен тәулік бойы айналысқанын айтты.
Футболшы Қазақстан чемпионатын жоғары деңгейдегі турнир деп сипаттап, алдағы жылдары бәсеке күшейе түсетініне сенім білдірді. Ол өз кезегінде КПЛ-де қалғысы келетінін де жасырмады.