Жаңалықтар

Нұрқанат Серікбаев Загребтегі Гран-приде алтын медаль жеңіп алды

Қазақстандық дзюдошы Нұрқанат Серікбаев Хорватия астанасы Загребте өткен Гран-при турнирінде 66 келіге дейінгі салмақта топ жарды. Финалда ол бразилиялық Роналд Лиманы иппонмен ұтты.

Қазақстандық дзюдошы Нұрқанат Серікбаев Хорватияның Загреб қаласында өткен дзюдодан Гран-при турнирінде алтын медаль иеленді. Ол 66 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі финалда бразилиялық Роналд Лиманы жеңді.

Шешуші белдесу Серікбаевтың пайдасына аяқталды. Ол қарсыласын иппонмен ұтып, турнир чемпионы атанды. Финал алдында қазақ балуаны рейтингте 16-орында тұрса, Лима үздік ондыққа кіріп, 8-сатыда болған.

Нұрқанат жарысты аргентиналық Минору Тамасироны жеңуден бастады. Одан кейін бразилиялық Кристиан Силваны тізе бүктірді.

Ширек финалда Серікбаев португалиялық Мигел Нери Гаганы ұтып, екі рет «ваза-ари» бағасын алды. Ал жартылай финалда италиялық Валерио Аккольиді бір «ваза-аримен» жеңіп, финалға жолдама алды.

Роналд Лима жартылай финалда әзербайжандық Низами Имрановтан басым түскен болатын. Ал финалда ол Қазақстан өкіліне есе жіберді.