Хоккей

Артур Гросс Азия чемпионатындағы жеңістен кейін пікір білдірді

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Артур Гросс Азия чемпионатында жеңіске жеткеннен кейін алған әсерімен бөлісті. Ол ұлттық құрама сапындағы дебюті мен шешуші матчтағы күйзелісті сәттер туралы айтты.

Қазақстан құрамасының шабуылшысы Артур Гросс Азия чемпионатындағы жеңістен кейін ойын жайлы ой бөлісті. Ол бұл алтын медальдің ел үшін де, өзі үшін де үлкен мәртебе екенін атап өтті.

— Өте қуаныштымын, құттықтағандарға рахмет. Құрама үшін, Қазақстан үшін алтын медаль жеңіп алғанымыз керемет болды. Өз елімді қорғап жүргеніме мақтанамын, — деді Гросс.

Хоккейші үшін бұл ересектер құрамасындағы тұңғыш ойындар болды. Оның айтуынша, шешуші сәттер көп болғанымен, ең есте қалғаны — Оңтүстік Кореямен өткен ауыр матч.

— Корейлерге қарсы кездесу өте қиын әрі тартысты өтті. Буллит сериясында бәрі бір сәтте шешілді, бірақ біз мықтылығымызды көрсеттік, — деді ол.

Гросс ұлттық құрамаға шақырту алған кездегі әсерін де жасырмады. Оның сөзінше, көк байрақты қорғау және кеудесінде елтаңбасы бар жейдемен мұз айдынына шығу — ерекше сезім.

Ол командада Дима Гренц, Максим Мұхаметов және Женя Рымаревтің көмегі көп тигенін айтты. Сондай-ақ Азиядағы қарсыластардың бәрі жылдам ойнайтынын, шайба үшін белсенді күресетінін және турнирдің өте тартысты өткенін жеткізді.

Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында қатарынан үшінші рет топ жарды. Биыл ұлттық құрама үш матчтың бәрінде жеңіске жетті: Жапонияны 3:2 есебімен, Қытайды 5:0 есебімен ұтты, ал Оңтүстік Кореяны буллит сериясында 1:0 есебімен тізе бүктірді.