«Ордабасы» чемпионат пен Кубокты ұтып, тарихындағы ең сәтті маусымды өткізді
Шымкенттік клуб 2026 жылы Қазақстан чемпионатын да, Кубогын да жеңіп алып, өз тарихындағы алғашқы «алтын дубльді» жасады. Команда өткен жылғы 7-орыннан кейін бірден елдегі ең үздік ұжымға айналды.
Өткен маусымдағы сәтсіздіктен кейін «Ордабасы» жанкүйерлерін қуантатын ғажайып нәтижеге қол жеткізді: шымкенттіктер Қазақстан чемпионатын ұтып, Кубокты да иеленіп, тарихындағы алғашқы «алтын дубльді» жасады.
Клуб 2026 жылғы маусымды 2,811 миллиард теңге бюджетпен бастады. Бас бапкер Андрей Мартин орнында қалдырылды, ал құрамға аздаған, бірақ пайдалы толықтырулар жасалды. Нәтижесінде «Ордабасы» ұзақ уақыт жеңілмей, 17-турға дейін қатарынан ұпай алып отырды және маусымды 68 ұпаймен 1-орында аяқтады.
Чемпиондық жолда шымкенттіктер «Кайраттың» екі жылдық үстемдігіне нүкте қойды. Команда маусым барысында бар болғаны төрт рет жеңіліп, соңғы турға дейін титул үшін күресте сенімді көрінді. Ал Кубок финалында «Қайсарды» 4:1 есебімен тізе бүктіріп, тағы бір жүлдені қоржынға салды.
Жазғы трансферлік терезеде келген Бьорн Йонсен нағыз жаңалық болды: ол 17 матчта 14 гол соғып, бомбардирлер жарысында топ жарып, КПЛ-2026-ның үздік футболшысы атанды. Жасұлан Әмір де 8 голмен көзге түсіп, «Жыл серпілісі» жүлдесін иеленді.
Маусым барысында даулы сәттер болғанымен, «Ордабасы» жалпы есеппен Қазақстандағы ең мықты команда екенін дәлелдеді. Енді шымкенттіктерге ішкі аренадағы табысты Еуропа аренасында да қайталау міндеті тұр.