Бокс

Сұлтан Зәуірбек Ломаченкоға титул жекпе-жегіне келісуді ұсынды

Қазақстандық кәсіпқой боксшы Сұлтан Зәуірбек Василий Ломаченкоға үндеу жасап, оны өз салмағында кездесу өткізуге шақырды. Зәуірбек украиналық боксшыға IBF белбеуі үшін жекпе-жекке келісуді сұрады.

Жеңіліп көрмеген қазақстандық боксшы Сұлтан Зәуірбек (21-0, 14 КО) бұрынғы әлем чемпионы, украиналық Василий Ломаченкоға (18-3, 12 КО) ашық түрде үн қатты.

Зәуірбек өзінің Instagram парақшасында америкалық Top Rank промоушенінің Ломаченкомен келісімшарт қайта жасасқаны туралы постерін жариялап, оған қазақша және ағылшынша сөзін қоса жазды.

«Сен менің салмағыма бекер келдің, Лома. Мен сені спорттық жолдан кетіретін боламын! Енді IBF тұжырымы бойынша титул жекпе-жегіне келіс!»

Осылай деп жазған қазақстандық боксшы қарсыласын өз салмағында жұдырықтасуға шақырды.

Қыркүйек айында Зәуірбек австралиялық Джексон Инглендті жеңіп, екінші жартылай жеңіл салмақта IBF нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағына міндетті үміткер атанған еді.

Ал кеше Ломаченко мансабын жалғастыру туралы шешім қабылдап, Top Rank-пен келісімшартын қайта жасасты.