Хоккей

Алты федерация Ресеймен ойнаудан бас тартатынын мәлімдеді

Финляндия, Норвегия, Дания, Швеция, Латвия және Чехия хоккей федерациялары 2027 жылғы ерлер арасындағы әлем чемпионатында Ресейге қарсы шықпайтынын жариялады. Турнир Германияда өтеді.

Финляндия, Норвегия, Дания, Швеция, Латвия және Чехия хоккей федерациялары 2027 жылғы ерлер арасындағы әлем чемпионатында Ресей құрамасына қарсы ойнамайтынын мәлімдеді.

Финляндия хоккей федерациясының төрағасы Хейкки Хиетанен: «Біз өз ұстанымымызды анықтадық: Финляндия Ресейге қарсы ойнамайды», — деді.

Норвегия федерациясы да осындай шешім қабылдап, Германияда өтетін турнирде Ресеймен кездеспейтінін хабарлады. Дания хоккей одағы да Ресейге қарсы матчқа шықпайтынын айтып, бұл жөнінде Халықаралық хоккей федерациясын хабардар еткенін жеткізді.

Швеция хоккей федерациясының басшысы Андерс Ларссон «Тре Крунур» алдағы әлем чемпионаттарында Ресейге қарсы ойнамайтынын айтты. Латвия мен Чехия федерациялары да осы ұстанымды қолдайтынын ресми түрде жариялады.

Спорттық арбитраж соты Халықаралық хоккей федерациясын Ресей құрамаларын бес турнирге жіберуге міндеттеген еді. Соның ішінде ерлер арасындағы 2027 жылғы әлем чемпионаты да бар. Бірінші матч 13 мамырда Гельзенкирхенде өтеді, қалған кездесулер 14-30 мамыр аралығында Дюссельдорф пен Мангеймде ұйымдастырылады.