Анатолий Руденко жасөспірімдер Олимпиадасында екінші финалға шықты
Қазақстандық жүзгіш Анатолий Руденко Дакарда өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасында 100 метрге брасс әдісімен жүзуден финалда өнер көрсетті. Ол қашықтықты 1 минут 3,33 секундта еңсеріп, алтыншы орын алды.
Қазақстан құрамасының жүзгіші Анатолий Руденко Дакарда (Сенегал) өтіп жатқан жасөспірімдер Олимпиадасында тағы бір финалдық жарысқа қатысты.
Бұл жолы ол 100 метрге брасс әдісімен жүзуден шешуші сында бақ сынап, мәреге 1 минут 3,33 секунд уақытпен жетті. Нәтижесінде қазақстандық спортшы алтыншы орынға тұрақтады.
Жарыста Қытай спортшысы Се Ичэнь жеңіске жетті — оның уақыты 1 минут 1,03 секунд. Күміс медаль жапониялық Иори Миядзакиге бұйырды, ол қашықтықты 1:01.30 уақытта жүзіп өтті.
Үздік үштікті Литва өкілі Домаc Вилимас түйіндеді. Оның нәтижесі — 1:01.75.
Айта кетейік, бұған дейін Анатолий Руденко 200 метрге брасс әдісімен жүзуден өткен финалда да алтыншы орын алған еді.