Фатима Супыгалиева юношалар Олимпиадасында Қазақстанға алғашқы алтын әкелді
Қазақ дзюдошысы Фатима Супыгалиева Дакардағы юношалар Олимпиадасының финалында португалиялық София Гаспарды жеңіп, алтын медаль иеленді. Бұл — Қазақстан құрамасының осы жарыстағы алғашқы жүлдесі.
Дакарда өтіп жатқан 2026 жылғы юношалар Олимпиадасында қазақстандық дзюдошы Фатима Супыгалиева чемпион атанды. Ол 52 келіге дейінгі салмақта финалда португалиялық София Гаспармен белдесті.
Шешуші кездесуде Гаспар алдымен басымдыққа шығып, қарсыласын сегіз секунд ұстап, иппондық жағдайға жақындатты. Алайда Супыгалиева таразы басын өз пайдасына аударып, кейіннен иппонмен жеңісті жұлып алды.
Фатима финалға дейін де сенімді өнер көрсетіп, екі кездесуді мерзімінен бұрын аяқтады. Ширек финалда ол Коста-Риканың өкілі Химена Моралес Гамбоаны иппонмен ұтса, жартылай финалда Словакия спортшысы Вивьен Вадовицованы дәл осылай тізе бүктірді.
София Гаспар бірінші айналымнан босатылған еді. Ширек финалда ол бельгиялық Виктория Григорянды алтын ұпай кезеңінде юко есебімен жеңді, ал жартылай финалда Молдова өкілі Александра Киронды небәрі 1 минут 4 секундта иппонмен тоқтатты.
Осылайша, Супыгалиеваның жеңісі Қазақстан үшін бұл Олимпиададағы алғашқы медаль болды. Юношалар Олимпиадасы 31 қазан мен 13 қараша аралығында Сенегалда өтіп жатыр.