«Барыс» Минскіде жеңіске жетіп, ҚХЛ Шығыс конференциясында үздік үштікке кірді
Астаналық клуб сырт алаңда минскілік «Динамоны» 1:0 есебімен жеңіп, Шығыс конференциясында үшінші орынға көтерілді. Бұл жеңіс «Барысқа» үш матчтық жеңіліс сериясын тоқтатуға мүмкіндік берді.
Астаналық «Барыс» Континентальды хоккей лигасы Шығыс конференциясының турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. Михаил Кравец шәкірттері сырт алаңда минскілік «Динамоны» 1:0 есебімен тізе бүктірді.
Клуб еншісінде қазір 20 матчтан кейін 23 ұпай бар. Минскіде өткен ойындағы жалғыз шайбаны 41-минутта Семен Симонов соқты.
Осы жеңістің арқасында «Барыс» қатарынан үш рет ұтылу сериясын үзді. Қорғаныста сенімді ойнаған астаналықтар маңызды екі ұпайды қоржынға салды.
Шығыс конференциясын қазір «Металлург» бастап тұр — магнитогорлық клубтың еншісінде 21 матчтан кейін 34 ұпай бар. Екінші орында 20 кездесуден 25 ұпай жинаған «Нефтехимик» келеді, ал «Барыс» одан екі ұпайға қалып отыр.
Төртінші сатыда 21 матчтан 22 ұпайы бар «Ак Барс» тұр. Үздік бестікті 19 ойында 21 ұпай жинаған хабаровскілік «Амур» түйіндеп тұр.
Астаналық команда келесі кездесуін 30 қазанда сырт алаңда қытайлық «Шанхай Дрэгонсқа» қарсы өткізеді.