Бокс

World Boxing Зарина Толыбайдың әлем чемпионатындағы жеңісіне назар аударды

Халықаралық World Boxing ұйымы Будвада өткен 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатында Зарина Толыбайдың жеңісін атап өтті. Қазақстандық боксшы қыз ресейлік Самира Итониеваны ұтып, алтын медаль иеленді.

Халықаралық World Boxing ұйымы Будвада (Черногория) өткен 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық Зарина Толыбайдың жеңісіне арнайы тоқталды.

Ұйымның әлеуметтік желідегі ресми парақшасында рингтегі қазақ спортшысының суреті жарияланып, оның Ресей өкілі Самира Итониеваны жеңгені атап өтілді. World Boxing Толыбайды 80 келіден жоғары салмақтағы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы деп таныды.

«Зарина Толыбай Будвада үстемдік құрды! Қазақстандық боксшы ресейлік Самира Итониеваны жеңіп, 19 жасқа дейінгі әйелдер арасында +80 келі салмақта әлем чемпионы атанды», — делінген ұйым жазбасында.

Финалдық кездесуде Толыбай төрешілердің бөлінген шешімімен 4:1 есебімен жеңіске жетті. Үшінші раундта төреші Итониеваға нокдаун санады.

Осылайша, Зарина Толыбай Қазақстан құрамасының атынан осы турнирдегі жалғыз алтын медальді жеңіп алды. Жалпы, Қазақстан құрамасы World Boxing U19 әлем чемпионатын бір алтын, үш күміс және төрт қола медальмен аяқтады.