Жаңалықтар

Қазақстан Азия Пара ойындарын 50 медальмен тоғызыншы орынмен аяқтады

Жапонияның Аити және Нагоя қалаларында өткен 5-ші Азия Пара ойындарында Қазақстан құрамасы 12 алтын, 16 күміс және 22 қола медаль жеңіп алды. Ел спортшылары жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орынға табан тіреді.

Қазақстан құрамасы 5-ші Азия Пара ойындарын 50 медальмен аяқтап, жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орын алды. 18–24 қазан аралығында Жапонияның Аити префектурасы мен Нагоя қаласында өткен жарыста қазақстандық спортшылар 12 спорт түрі бойынша бақ сынады.

Ел құрамасы ең жоғары нәтижені парадзюдодан көрсетті. Бұл бағдарламада спортшылар 13 медаль жеңіп алып, 5 алтын, 1 күміс және 7 қолаға қол жеткізді. Сонымен бірге Қазақстан парадзюдоның командалық есебінде де көш бастады.

Парадзюдодан алтын медаль иеленгендер қатарында Ибрагим Нұрмаханұлы (J2, -70 кг), Бексұлтан Күлмұрза (J2, -81 кг), Жұрқамырза Шүкірбеков (J2, 95 кг-нан жоғары), Ақтөлкін Сейілбекова (J1, 70 кг-нан жоғары) және Зарина Раева (J2, 70 кг-нан жоғары) бар. Жәнбота Аманжол ерлер арасында J2, -95 кг салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болды.

Қола медальді Ғалымжан Смағұлұлы, Ермек Нұрқабаев, Бағланбек Оналбек, Ерлан Өтепов, Әлфия Тілекқабыл, Даяна Федоссова және Аяла Мереке жеңіп алды.

Паражүзуде Қазақстан қоржынына 10 медаль түсті: 1 алтын, 5 күміс және 4 қола. Диас Кенжебек ерлер арасында 100 метрге шалқалап жүзуде S10 санатында чемпион атанды. Ол бұған қоса 100 метрге еркін стильде және 200 метрге жеке кешенді жүзуде күміс, ал 100 метрге баттерфляйда қола медаль алды.

Әли Тұрғанбеков ерлер арасында 100 метрге брасс әдісімен жүзуде SB4 санатында күміс жүлде жеңіп алды. Ол сондай-ақ Наталья Звягинцева, Зүлфия Ғабидуллина, Айсұлтан Құлкеев және Сиязбек Далиевпен бірге аралас 4×50 метрлік кешенді эстафетада тағы бір күміс медаль иеленді. Аралас 4×50 метрлік еркін стиль эстафетасында да Қазақстан құрамасы күміс жүлдеге қол жеткізді.

Паравелоспортта қазақстандықтар 9 медаль алды: 4 алтын, 4 күміс және 1 қола. Нәил Ермұхамбет ерлер арасындағы B санатында тасжол жарысы мен жеке тасжолдағы уақытқа жарыста қатар жеңіске жетіп, Азия Пара ойындарының екі дүркін чемпионы атанды. Аннастасия Калаус та әйелдер арасында осы екі бағдарламада алтын медаль жеңіп алды, әрі 4000 метрлік жеке трек қуалау жарысында күміс иеленді.

Параауыр атлетикада Қазақстан 6 медаль еншіледі: 1 алтын, 2 күміс және 3 қола. Давид Дегтярев ерлер арасында -54 кг салмақ дәрежесінде 192 келі көтеріп, Азия Пара ойындарының жаңа рекордын орната отырып чемпион атанды. Тұрсынай Қабыл (-41 кг) мен Алина Солодухина (-45 кг) күміс жүлдеге қол жеткізді.

Станислав Шакиев пен Айжан Берімқұлова жекелеген сайыстарда қола медаль алды. Командалық жарыста да Ерболат Қарибай, Давид Дегтярев және Станислав Шакиевтен құралған Қазақстан ерлер құрамасы қола жүлдеге ие болды.

Паражеңіл атлетикада Ислам Салимов ұзындыққа секіруден T13 санатында күміс, ал Дастан Мұқашбеков ядро серпуден F36 санатында күміс жеңіп алды. Иван Залежняк (F36) пен Махамбет Серікқалиев (F53) қола медаль иеленді. Бұдан бөлек, Әйсұлу Сүлейменова әйелдер арасындағы 100 метрге жүгіруде T62 санатында 16,18 секунд нәтижемен Азия рекордын жаңартты.

Параүстел теннисінде қазақстандық спортшылар төрт қола медаль алып, Азия Пара ойындары тарихында осы спорт түрінен тұңғыш рет жүлдеге ілікті. Паражебеде Нұршат Төлеуқасым мен Темірлан Сейтқамал W1 жұптық сайысында күміс, ал Нұршат Төлеуқасым жекелей сында қола медаль жеңіп алды.

Параатуудан Еркін Ғаббасов ерлер арасында R1 10 метрлік пневматикалық мылтықпен ату жарысында SH1 санатында чемпион атанды. Ал отырып ойнайтын волейболда Қазақстанның ерлер құрамасы күміс жүлдеге ие болды: жартылай финалда Иракты 3:2 есебімен ұтып, финалда Иранға 0:3 есебімен есе жіберді.