Көкшетаудың «Арлан» хоккей клубы Қазақстан чемпионатының тұрақты кезеңінде павлодарлық «Иртышты» қабылдап, ірі жеңіске жетті.
Кездесу 9:2 есебімен аяқталды. Алғашқы кезеңде алаң иелері қарсылас қақпасына төрт жауапсыз шайба соқты. Андрей Кураков 7-минутта есеп ашса, Степан Санников 8-, 11- және 19-минуттарда мергендік танытып, хет-трик жасады. Оның үш шайбасының екеуі көпшілікте соғылды.
Екінші кезеңнің басында Михаил Гулый 22-минутта қонақтардың есеп айырмасын қысқартты. Алайда Семён Роев 27-минутта, Леонид Беляев 29-минутта және Илья Шапоров 36-минутта тағы үш шайба салып, «Арланның» басымдығын 7:1-ге жеткізді.
Шешуші кезеңде Кураков 44-минутта дубль авторы атанса, Вячеслав Коротин 53-минутта есепті 9:1 етті. Михаил Гулый 57-минутта екінші шайбасын соғып, қорытынды нәтижені белгіледі — 9:2.
Осы жеңістен кейін «Арлан» 33 ұпай жинап, турнир кестесінде үшінші орынға көтерілді. «Иртыш» бір ғана ұпаймен соңғы орында қалып отыр.