Күрес

Жұрқамырза Шүкірбеков Азия Пара ойындарында алтын медаль жеңіп алды

Қазақстандық пара дзюдошы Жұрқамырза Шүкірбеков Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында чемпион атанды. Ол 95 килограмнан жоғары салмақта финалда Иран өкілін ұтты.

Қазақстан құрамасының пара дзюдошысы Жұрқамырза Шүкірбеков Жапонияның Аичи мен Нагоя қалаларында өтіп жатқан V Азия Пара ойындарының чемпионы атанды.

Спортшы 95 килограмнан жоғары салмақта, J2 класында өнер көрсетіп, алтын медаль иеленді.

Финалда Шүкірбеков Иран өкілі Мохаммадреза Хейроллахзаде Варзиді жеңді.

21 қазанда Қазақстан қоржынына тағы бір жүлде түсті. Пара жүзуші Али Турганбеков 100 метрге брасс әдісімен жүзуде 1 минут 44,26 секунд нәтиже көрсетіп, күміс медаль алды.

Бұл жүлде Турганбеков үшін Азия Пара ойындарындағы екінші медаль болды. Бұған дейін ол Сиязбек Далиев, Наталья Звягинцева және Зүлфия Ғабидуллинамен бірге аралас 4×50 метр кешенді эстафетада да күміс медаль жеңіп алған еді.