Бокс

Айдос Үсеновке World Boxing жоғары баға берді

World Boxing ұйымы қазақстандық боксшы Айдос Үсеновтің Черногориядағы әлем чемпионатындағы сенімді өнерін атап өтті. Ол Румыния өкілі Разван-Йонит Панейнтаны 5:0 есебімен ұтты.

Халықаралық World Boxing ұйымы қазақстандық боксшы Айдос Үсеновтің Черногорияда өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатындағы өнерін ерекше атап өтті.

Үсенов Румыния өкілі Разван-Йонит Панейнтаны сенімді түрде жеңіп, төрешілердің бірауызды шешімімен 5:0 есебін тіркеді.

Ұйымның ресми Instagram парақшасында қазақстандық былғары қолғап шеберінің жекпе-жекте айқын басымдық танытқаны жазылды.

«Қазақстандық Айдос Үсенов Румыниялық Рэзван-Йонуц Пэнаинтеге қарсы басым өнер көрсетіп, кеше кешке төрешілердің бірауызды шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті», — делінген жарияланымда.

Келесі айналымда Үсенов Куба спортшысы Айверсон Акостаға қарсы шығады. Қос боксшы 55 килограмға дейінгі салмақта ерлер турнирінің 1/8 финалында кездеседі.

World Boxing ұйымының 19 жасқа дейінгі әлем чемпионаты Будвада 16–27 қазан аралығында өтіп жатыр. Жарысқа 69 ұлттық федерациядан 474 боксшы қатысуда.