Қазақстан әйелдер құрамасы шахматты қаржыландыру тәртібін өзгертуге үн қатты
Қазақстандық шахматшы Алуа Нурман әйелдер құрамасы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа мемлекеттік қолдауды қайта қарау жөнінде ұсыныс жолдағанын айтты. Спортшылар шахматқа олимпиадалық спорт түрлерімен тең деңгейде қолдау қажет деп санайды.
Қазақстандық шахматшы Алуа Нурман әйелдер құрамасының мүшелері президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа шахматты мемлекеттік қолдау тәсілін қайта қарау жөнінде бастама көтергенін мәлімдеді.
«Біз үшін мемлекеттік қолдау неге маңызды?» деген сауалды алға тартқан Нурманның айтуынша, ұлттық құрамадағы қыздар шахматқа бөлінетін қаржыландыруды жаңа деңгейде қарастыруды сұраған. Оның пікірінше, мәселе бір ғана медаль не бір турнирдің аясымен шектелмейді.
Спортшы шахматтың халықаралық беделі мен қазақстандық спортшылардың жетістіктерін ескере отырып, бұл салаға олимпиадалық спорт түрлерімен салыстырылатын қолдау қажет екенін айтты. Мұндай қадам балалар мен жасөспірімдер шахматын дамытуға, құрама командалар мен бапкерлерді қолдауға мүмкіндік бермек.
«Шахмат — бұл жай ғана спорт емес. Бұл Қазақстанның зияткерлік болашағына жасалған инвестиция. Ол ойды бірнеше қадам алға жоспарлауға, талдауға, салмақты шешім қабылдауға және өз таңдауыңа жауап беруге үйретеді», — деп жазды ол Instagram желісінде.
46-шы әлемдік шахмат олимпиадасында Қазақстанның әйелдер құрамасы күміс медаль жеңіп алып, жарысты бірде-бір жеңіліссіз аяқтады. Алайда кейінірек шахматшыларға мемлекеттік сыйақы төленбейтіні белгілі болды, өйткені әлемдік шахмат олимпиадасы төлем қарастырылған ресми жарыстар тізіміне кірмейді.
Қолданыстағы заң бойынша шахмат Қазақстанның басым спорт түрлерінің қатарына енгізілмеген. Мемлекеттік қаржыландыру мен көтеріңкі тарифтік жүйе негізінен олимпиадалық, паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және Азия ойындары бағдарламасындағы спорт түрлеріне бағытталған.