Данияр Ақбісенов жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында грузин боксшысын ұтты
Қазақстандық боксшы Данияр Ақбісенов Будвада өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі әлем чемпионатында алғашқы кездесуін жеңіспен аяқтады. Ол грузин спортшысы Сандро Капанадзені 3:2 есебімен ұтты.
Қазақстандық боксшы Данияр Ақбісенов Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі әлем чемпионатында 1/16 финалдық жекпе-жегін сәтті өткізді.
60 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға шыққан Ақбісенов грузин боксшысы Сандро Капанадземен жұдырықтасты. Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілер жеңісті қазақстандық спортшыға берді — 3:2.
Осы нәтижеден кейін Данияр Ақбісенов жарыстың 1/8 финалына жолдама алды. Ал Сандро Капанадзе турнирден шығып қалды.
World Boxing ұйымының әлем біріншілігі 16-27 қазан аралығында өтіп жатыр. Будвадағы жарысқа 69 ұлттық федерациядан 474 спортшы қатысуда, бағдарламада ерлер мен әйелдер арасында 10 салмақ дәрежесі қарастырылған.