Токаев Қазақстанның семсерлесу құрамасын тарихи жетістікпен құттықтады
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ерлер құрамасын Касабланкадағы әлем кубогы кезеңіндегі жеңісімен құттықтады. Осы нәтижеден кейін қазақстандық семсерлесушілер тұңғыш рет әлемдік командалық рейтингте бірінші орынға көтерілді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ерлер семсерлесу құрамасын Касабланкада өткен әлем кубогы кезеңіндегі жеңісімен құттықтады.
Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров телеграм-арнасында хабарлады. Оның айтуынша, осы табыстың арқасында қазақстандық спортшылар халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) әлемдік командалық рейтингінде алғаш рет көш бастады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Касабланкадағы әлем кубогы кезеңінде жеңіске жеткен шпагадағы Қазақстанның ерлер құрамасын құттықтады. Осы жетістіктің арқасында спортшыларымыз алғаш рет халықаралық семсерлесу федерациясының (FIE) әлемдік командалық рейтингінде бірінші орынға шықты.
Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыларға Қазақстан туы астында ең беделді жарыстарда жаңа жетістіктер тіледі», — делінген хабарламада.
Касабланкада өткен командалық турнирде Қазақстан құрамасы финалда Ресейді 45:40 есебімен жеңіп, алтын медаль иеленді. Жеңіске дейін қазақстандық шпагашылар қатарынан бес матчта басым түсіп, Түркияны 45:20, Гонконгты 45:28, Мысырды 45:40 есебімен ұтты, ал жартылай финалда Францияны 45:39 есебімен тізе бүктірді.
Осылайша Қазақстан құрамасы жаңа халықаралық маусымды тарихи нәтижемен бастап, Франция мен Швейцарияны артқа тастап, әлемдік рейтингтің алғашқы сатысына көтерілді.