Бокс

Қазақстан жастар арасындағы әлем чемпионатында қатарынан бес жеңіске жетті

Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жарысты сәтті бастады. Қазақ боксшылары алғашқы күндері бес қарсыласын тізе бүктірді.

Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы алғашқы үш жарыс күнінде қатарынан бес жеңіске қол жеткізді.

Үшінші жарыс күнінде Айдос Үсенов пен Руслан Ахметов өздерінің алғашқы жекпе-жектерін сәтті өткізді. 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсететін Үсенов Румыния өкілі Рэзван-Йонуц Пэнаитеге қарсы шығып, төрешілердің бірауызды шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.

85 келіге дейінгі салмақтағы Руслан Ахметов те айқын басымдық танытты. Ол болгар боксшысы Николай Ивановты 5:0 есебімен ұтып, келесі кезеңге өтті.

Бұған дейін Қазақстан сапынан тағы үш спортшы жеңіске жеткен еді. 90 келіден жоғары салмақтағы Владислав Саможонов түркиялық Хакан Дениз Коскунды үшінші раундта техникалық нокаутпен тоқтатты.

65 келіге дейінгі салмақта Айсұлу Мухит канадалық Мариан Тессьені 5:0 есебімен жеңсе, Ақжүрек Қалабай қытайлық Кун Ванды бірінші раундта мерзімінен бұрын ұтты: қарсыласы алған жарақатына байланысты жекпе-жекті жалғастыра алмады.

Осылайша, Қазақстан құрамасы әлем біріншілігінің басында бес мәрте қатарынан жеңіске жетті. Будвадағы турнир 16–27 қазан аралығында өтіп жатыр, жарысқа 69 ұлттық федерацияның өкілдері қатысуда.