Бокс

Сапарбай Айдаров титулдық жекпе-жекте алғаш рет жеңілді

Қазақстандық боксшы Сапарбай Айдаров Грозныйда өткен кәсіпқой бокс кешінде Бешто Шавлаевқа есе жіберді. Жекпе-жек төртінші раундтан кейін кесілген жарақатқа байланысты тоқтатылып, Айдаров мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады.

Қазақстандық боксшы Сапарбай Айдаров Грозныйда (Ресей) өткен кәсіпқой бокс кешінде шаршы алаңға шықты.

34 жастағы қазақстандық боксшы 25 жастағы ресейлік Бешто Шавлаевпен жұдырықтасты. Шавлаевтың да есебінде бұған дейін жеңіліс болмаған: 5 жеңіс, 2 нокаут. Ал Айдаров жекпе-жекке 9 жеңіс, 3 нокаут көрсеткішімен келді.

Суперорта салмақтағы бұл кездесу 10 раундқа жоспарланған еді. Тартыстың жүлдесінде WBA Asia нұсқасы бойынша бос тұрған чемпиондық белбеу болды.

Алайда төртінші раундтан кейін Айдаров алған ауыр кесік жарақатына байланысты жекпе-жекті жалғастыра алмады. Соның нәтижесінде төрешілер жеңісті Шавлаевқа берді.

Осылайша, Бешто Шавлаев кәсіпқой рингтегі алтыншы жеңісіне қол жеткізіп, WBA-ның қосалқы чемпиондық атағын иеленді. Ал Сапарбай Айдаров мансабындағы алғашқы жеңілісін тіркеді.