Әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали Астанадағы әлем біріншілігінде күреседі
Грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали Астанада өтетін әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғайды. Бұған дейін ол бастапқы тізімде болмағанымен, жаңартылған құрамда үшінші нөмірлі спортшы ретінде көрсетілді.
Грек-рим күресінен Қазақстан балуаны Айдос Сұлтанғали Астанада өтетін әлем чемпионатына қатысады. Ол 60 килограмға дейінгі салмақта ел намысын қорғайды.
Бұған дейін халықаралық федерацияның бастапқы тізімінде Сұлтанғали көрсетілмеген еді. Алайда жаңартылған тізімде қазақстандық балуан үшінші нөмірлі спортшы ретінде тіркелді.
Айдос Сұлтанғали 2025 жылы Загребте өткен әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған. Финалда ол өзбекстандық Алишер Ганиевті 9:0 есебімен ұтып, әлем чемпионы атанған еді.
Осы жеңісімен Сұлтанғали Қазақстанның грек-рим күресіндегі 26 жылдық алтын медальға шөліркеуін тоқтатты. Бұған дейін соңғы рет бұл атақты 1999 жылы Мхитар Манукян иеленген.
Сондай-ақ Сұлтанғалидың еншісінде 2018 және 2022 жылдары алған екі қола медалі бар. Әлем чемпионаты Астанадағы «Барыс Аренада» 24 қазан мен 1 қараша аралығында өтеді.
Турнирге 135 елден шамамен 1000 спортшы қатысады деп күтілуде.