Астанадағы әлем кубогының алғашқы күнінде қазақстандық жүзушілер екі рекорд жаңартты
Астанада өтіп жатқан жүзуден әлем кубогы кезеңінің бірінші жарыс күнінде Қазақстанның үш өкілі финалда өнер көрсетті. Софья Сподаренко мен Айбат Мырзамуратов ұлттық рекордтарды жаңартты.
Астанада жүзуден әлем кубогы кезеңі жалғасып жатыр. Жарыстың алғашқы күнінде финалдық сында Қазақстанның үш өкілі суға түсті.
Егор Попов 100 метрге еркін стильде 47,74 секунд көрсетіп, 10-орын алды.
Софья Сподаренко 50 метр баттерфляйда 26,27 секунд нәтижесімен тоғызыншы орынға тұрақтады. Ол бұған дейін іріктеу кезеңінде 25,97 секунд көрсетіп, Қазақстан рекордын жаңартқан болатын.
Айбат Мырзамуратов 50 метр брасс әдісінде 26,50 секунд нәтижемен сегізінші орынды иеленді. Сонымен бірге ол да ұлттық рекордты жаңартты.
Айбат сондай-ақ 200 метрге кешенді жүзуде бақ сынап, 1:57.91 уақыт көрсеткішімен 10-орынға ие болды.
Осылайша, Астанадағы әлем кубогының бірінші күнінде қазақстандық жүзушілер екі ұлттық рекордты жаңартты.