«Барыс» «Автомобилисті» ұтып, Шығыс конференциясында үздік үштікке кірді
Астаналық «Барыс» ҚХЛ-дың тұрақты чемпионатындағы өз алаңындағы сериясын жеңіспен аяқтады. Команда Екатеринбургтің «Автомобилистін» 4:1 есебімен ұтты.
Астаналық «Барыс» Континентальды хоккей лигасының тұрақты чемпионатында өз алаңындағы сериясын жеңіспен түйіндеді. Михаил Кравец баптайтын команда Екатеринбургтің «Автомобилистін» 4:1 есебімен тізе бүктірді.
Ойынның бірінші кезеңінде Чейз Приски есеп ашты. Екінші кезеңде қонақтар таразы басын теңестіргенімен, Джейк Масси қайтадан «Барысты» алға шығарды.
Соңғы кезеңде астаналық клуб тағы екі шайба соғып, жеңісті сенімді түрде рәсімдеді. Осы матчтан кейін ҚХЛ «Барыстың» жеңіс киім ауыстыру бөлмесіндегі сәтінен видео да жариялады.
Үш ойыннан тұратын үй сериясында қазақстандық клуб екі рет жеңіске жетті: бұған дейін омбылық «Авангардты» 5:1 есебімен ұтса, Новосібірдің «Сібіріне» 2:3 есебімен есе жіберген еді.
Осы нәтижеден кейін «Барыс» 18 ұпай жинап, Шығыс конференциясының үшінші орнына көтерілді. Келесі ойынын елордалық команда 17 қазанда сырт алаңда «Сібірге» қарсы өткізеді.