Бокс

Энтони Джошуа 400 миллион долларлық ұсыныстан бас тартты

Британдық былғары қолғап шебері Энтони Джошуа үш жекпе-жекке арналған 400 миллион долларлық келісімнен бас тартты. Ол ұзақ жылдық промоутері Matchroom Boxing-ке адал қалуды жөн көрген.

Ауыр салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы, британдық боксшы Энтони Джошуа (30-4) үш жекпе-жек үшін ұсынылған 400 миллион долларлық келісімнен бас тартты.

Қолда бар мәліметке қарағанда, Джошуа TKO-Zuffa ұсынған ірі қаржылық ұсынысты қабылдамай, көп жылдан бергі промоутері Matchroom Boxing-пен жұмысын жалғастыруды таңдаған.

«Энтони Джошуа керемет саналатын 400 миллион долларлық ұсыныстан бас тартты. Боксшы өзінің ұзақ жылғы промоутері Matchroom Boxing-ке адал болу үшін TKO-Zuffa ұсынысын қабылдамады», — делінген хабарламада.

Джошуа — Лондон-2012 Олимпиадасының чемпионы және кәсіби рингте екі рет ауыр салмақта әлемнің біріктірілген чемпионы атанған боксшы. Оның еншісінде 30 жеңіс бар, соның 27-сі — нокаутпен, сондай-ақ 4 жеңіліс тіркелген.

Британдық былғары қолғап шеберінің келесі жекпе-жегі 11 желтоқсанға жоспарланған. Кардиффтегі «Принсипалити» стадионында ол отандасы Тайсон Фьюримен (36-2-1) қолғап түйістіреді.