«Бернли» Сәтпаевтың неге матчқа қатыспағанын түсіндірді
«Бернли» бас бапкері Ники Хайен Дастан Сәтпаевтың «Чарльтонға» қарсы кездесуге не себепті кірмегенін айтты. Сондай-ақ ол қазақстандық шабуылшының алаңға қашан оралуы мүмкін екенін нақтылады.
Англияның «Бернли» клубының бас бапкері Ники Хайен Қазақстан құрамасының шабуылшысы Дастан Сәтпаевтың Чемпионшип аясындағы «Чарльтонға» қарсы матч өтініміне неге енбегенін түсіндірді. Кездесу 2:2 есебімен аяқталды.
Хайеннің айтуынша, 18 жастағы қазақстандық футболшыға иелік ететін лондондық «Челси» оның алаңға шығуына рұқсат бермеген. Шектеу Сәтпаевтың жарақаттан кейін қалпына келуіне және жүктемесін мұқият бақылауға байланысты қабылданған.
«Жоқ, бізге рұқсат берілмеді. „Челси“ оған ойнауға мүмкіндік берген жоқ, себебі оның ауыр жарақаты болды. Олар біздің медициналық штабпен бірге оның жүктемесін бақылап отыр, бірақ бүгін алаңға шығуына болмайтынын айтты.
Ол ұзақ уақыт бойы қатардан тыс қалды. Ол әлі де „Челсиге“ тиесілі, сондықтан біздің медициналық қызметкерлер бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Бірақ дәл бүгін ойнамау туралы шешімді олар қабылдады», — деді Хайен.
Бапкердің айтуынша, Сәтпаев жұма күні «Вулверхэмптонға» қарсы матчта қатарға қосылуы мүмкін. Дегенмен оның нақты ойнайтыны медициналық рұқсатқа байланысты болады.
Хайен сонымен бірге жалға берілген футболшының қай кезде алаңға шығатынын лондондық клубтың өзі анықтай алатынын да айтты. Оның сөзінше, бұл — клубтар арасындағы келісімнің бір бөлігі.
Бапкер Сәтпаевтың «Уотфордқа» қарсы ойында ойынға қосылғанын, шабуыл шебіне қосымша мүмкіндік бергенін де атап өтті. Хайен оны Андреас Унтонжиден мүлде бөлек футболшы деп сипаттап, Сәтпаевтың жылдамдығы мен техникалық деңгейі командаға көп вариация беретінін айтты.
Осылайша, Дастан Сәтпаевтың алаңға оралуы 16 қазан, жұма күні «Вулверхэмптонға» қарсы матчта күтіліп отыр. Бірақ соңғы шешім медициналық тексерістен кейін ғана қабылданады.