Бокс

Армат Арманұлы 31 қазанда Ақтөбедегі кештің басты жекпе-жегіне шығады

Қазақстандық боксшы Армат Арманұлы 31 қазанда Ақтөбеде өтетін бокс кешінің басты айқасында шаршы алаңға шығады. Оның қарсыласы — Уганда өкілі Шадири Муса Бвоги, жекпе-жекте WBA Asia чемпиондық белбеуі сарапқа салынады.

Қазақстандық боксшы Армат Арманұлы (7-1, 5 КО) 31 қазанда Ақтөбеде өтетін бокс кешінің басты жекпе-жегінде өнер көрсетеді.

Ол ринг ортасында Уганда өкілі Шадири Муса Бвогимен (11-1, 5 КО) күш сынасады. Кездесу орта салмақта өтеді және он раундқа жоспарланған.

Бұл айқаста WBA Asia чемпиондық белбеуі сарапқа салынады.

Армат Арманұлы соңғы жекпе-жегін шілде айында өткізіп, бесінші раундта ресейлік Харон Запольскийді нокаутпен жеңген еді.

Шадири Муса Бвоги де шілдеде шаршы алаңға шығып, отандасы Фахад Ссервадданы төрешілердің көпшілік шешімімен ұтқан.