Овечкин НХЛ тарихындағы рекордын жаңартты
Александр Овечкин «Сиэтл Кракенге» қарсы матчта маусымдағы алғашқы шайбасын соғып, НХЛ-дегі тарихи көрсеткішін жаңартты. Ол бір лигада ең көп қақпашының қақпасын дәл көздеген хоккейші атанды.
«Вашингтон Кэпиталз» шабуылшысы Александр Овечкин Ұлттық хоккей лигасындағы тарихи рекордын тағы бір мәрте жаңартты. Ол 2026/2027 маусымындағы алғашқы шайбасын «Сиэтл Кракенге» қарсы ойында соқты.
41 жастағы форвард үйдегі кездесудің бірінші кезеңінде, 17-минутта көзге түсті. Оған Алексей және Илья Протас бауырлары нәтижелі пас берді. Дегенмен, бұл гол «Вашингтонға» жеңіс әкелмеді — матч 3:5 есебімен аяқталып, астаналық клуб жеңіліп қалды.
НХЛ баспасөз қызметінің мәліметінше, «Сиэтл» қақпашысы Джоуи Даккорд Овечкин гол соққан 190-шы әртүрлі қақпашы болды. Осылайша, ресейлік шабуылшы лига тарихында бір хоккейші ең көп қақпашының қақпасын дәл көздеген ойыншы ретінде өз рекордын жақсартты.
Бұл көрсеткіш бойынша екінші орында чех шабуылшысы Яромир Ягр тұр — ол 178 қақпашыға гол соққан. Үшінші сатыда канадалық Патрик Марло орналасқан, оның еншісінде 177 қақпашы бар.
Сонымен бірге, «Сиэтлге» қарсы шайба Овечкин үшін НХЛ-дің тұрақты чемпионаттарындағы 930-гол болды. Плей-оффты қосқанда, оның мансабындағы гол саны 1007-ге жетті.