Бокс

Жанибек Алимханулы үшін бұл титулдық айқасқа Мирамғали Ақмолдинов баға берді

Жанибек Алимханулы мен дат боксшысы Якоб Банк WBO-ның вакантты титулы үшін келісімге келді. Қазақстандық бапкер Мирамғали Ақмолдинов бұл жекпе-жектің мәні мен Алимханулының мүмкіндігін талдады.

Жанибек Алимханулы (17-0, 12 КО) мен даттан шыққан Якоб Банк (20-0, 11 КО) жұдырықтасу шарттарын келісіп, екеуі WBO нұсқасы бойынша екінші орта салмақтағы вакантты әлем чемпионы белбеуі үшін айқасқа шығатын болды.

Алимханулы қазір WBO рейтингінде бірінші орында тұрса, Банк үшінші сатыда келеді. Бұл салмақтағы белбеу британдық Хамза Шираздың қазақстандық боксшымен жекпе-жектен бас тартып, титулдан бас тартуынан кейін бос қалған еді.

Қазақстан құрамасының тәжірибелі бапкері Мирамғали Ақмолдинов бұл кездесу туралы пікір білдіріп, Жанибекке берілген мүмкіндік кездейсоқ емес екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай деңгейдегі боксшылар кез келген ұйым үшін құнды, ал WBO бұл айқастың салмақ дәрежесіндегі болашақ тепе-теңдікке әсер ететінін жақсы түсінеді.

— Якоб Банк стилистикалық жағынан кез келген қарсыласқа қолайсыз. Оның аяқ алысы жақсы, қолы жылдам. Ең бастысы — тартысқа кіруден қорықпайды және ондай жерде көбіне басым түсіп жатады. Дат боксшысының негізгі қаруы — агрессия, бірақ ол ойсыз шабуылдамайды, — деді Ақмолдинов.

Бапкер Банкті мықты орташа деңгейдегі боксшы деп бағалап, оның кез келген қарсыласқа қауіп төндіре алатынын атап өтті. Ол Банктың Уильям Скуллмен жекпе-жегін мысалға келтіріп, қазақстандық спортшының жаңа салмақта қарсыласын бағаламауы керегін ескертті.

Ақмолдиновтың айтуынша, Алимханулы бұл кездесуде екінші нөмірде жұмыс істемеуі керек. Себебі Банк қарсыласын қыспаққа алып, арқанға тіреуді ұнататын боксшы. Егер бастама дат спортшысының қолына өтсе, айқастың барысын өзгерту қиынға соғуы мүмкін.

Сонымен бірге бапкер Жанибек екінші орта салмақта өзін еркін сезінеді деп есептейді. Оның сөзінше, Алимханулы әуесқой бокста 80 келіде де жұдырықтасқан, сондықтан 76,2 келіде айтарлықтай өзгеріс күтілмейді. Ақмолдинов бұл жекпе-жек Қазақстан үшін де маңызды екенін айтып, Жанибектің жеңісі ел боксы үшін үлкен жетістік болатынын жеткізді.