Еділ Қожамбердиев Грозныйдағы кештің басты жекпе-жегінде жұдырықтасады
Қазақстандық боксшы Еділ Қожамбердиев 16 қазанда Грозныйда Умар Саламовпен IBF European белдігі үшін айқасады. Бұл кездесу кештің басты жекпе-жегі болады.
Қазақстандық боксшы Еділ Қожамбердиев (17-2, 17 нокаут) 16 қазанда Грозныйда өтетін турнирдің басты жекпе-жегінде ресейлік Умар Саламовпен (33-2, 24 нокаут) қолғап түйістіреді.
Он раундқа жоспарланған кездесу бірінші ауыр салмақта өтеді. Бұл айқаста IBF European белдігі сарапқа салынады, ал аталған титул қазір Саламовтың еншісінде.
Ресейлік боксшы үшін бұл — тамыз айында басқа қазақстандық спортшы Әлі Балоевті жеңіп, иеленген атағын алғаш рет қорғауы.
Бастапқыда Саламовтың қарсыласы британиялық нигериялық текті Остин Ннамди (14-7, 11 нокаут) болуы керек еді. Алайда оның орнына Қожамбердиев шыққалы отыр.
Қожамбердиев кәсіби мансабының басында екі рет жеңілгеннен кейін, кейінгі айқастарында мерзімінен бұрын жеңістерге қол жеткізіп келеді. Сондай-ақ бұл кеште тағы бір қазақстандық боксшы Сапарбай Айдаров (9-0, 3 нокаут) жұдырықтасады: ол вакантты IBF European белдігі үшін Бешто Шавлаевпен (5-0, 2 нокаут) кездеседі.
Турнир бағдарламасында ресейлік аса ауыр салмақтағы Артем Сусленков пен Сергей Кузьминнің жекпе-жегі де бар.