Футбол

«Астананың» ойыншысы нәтижелі пас берген матчта Босния Румынияны ұтты

Иван Башичтің нәтижелі пасы Босния және Герцеговина құрамасының Румынияға қарсы ойындағы жеңісіне үлес қосты. Кездесу 4:2 есебімен босниялықтардың пайдасына аяқталды.

Босния және Герцеговина құрамасы УЕФА Ұлттар лигасының B4 тобындағы екінші турда Румынияны сырт алаңда жеңді.

Бухаресттегі «Национал стадионында» өткен матч 4:2 есебімен аяқталды. 12-минутта Армин Гигович есеп ашса, араға жеті минут салып Тарик Мухаремович басымдықты арттырды. Осы голға Қазақстанның «Астанасы» сапында ойнайтын Иван Башич нәтижелі пас берді.

28-минутта Даниэль Бырлиджа румындардың бір голын қайтарды. Алайда үзіліске дейін Харис Табакович Боснияның үшінші голын соқты.

Екінші тайм басында Эрмин Махмич есепті 4:1-ге жеткізді. 62-минутта Александру Чикылдэу бір голмен жауап беріп, матчтағы қорытынды есепті белгіледі.

Осы жеңістен кейін Босния және Герцеговина төрт ұпай жинап, топта екінші орынға көтерілді. Румыния қатарынан екінші рет жеңіліп, ұпайсыз соңғы орында қалды.

Топтың үшінші турында 2 қазанда Босния және Герцеговина Швецияны қабылдайды, ал Румыния сырт алаңда Польшаға қарсы ойнайды.