Бокс

Азиада-2026 бокс финалында Айбек Оралбай Өзбекстан өкілімен жұдырықтасады

Айбек Оралбай Азиада-2026 финалында алтын медаль үшін өзбекстандық Жахонгир Зокировпен кездеседі. Супер ауыр салмақтағы шешуші жекпе-жек 2 қазанда өтеді.

Азиада-2026 бокстан ерлер арасындағы суперауыр салмақтың финалында Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары қолғап түйістіреді. Айбек Оралбай алтын медаль үшін Жахонгир Зокировпен жұдырықтасады.

Өзбекстандық былғары қолғап шебері жартылай финалда ирандық Әмір Эсмаили Вандеиді айқын басымдықпен ұтты. Бірінші раундта ол қарсыласын екі мәрте нокдаунға жіберсе, екінші үш минуттықта тағы да есеп аштырды.

Кейін жекпе-жек ирандық боксшының беті қатты жарақат алуына байланысты тоқтатылды. Осылайша, Зокиров финалға жолдама алды.

Жахонгир Зокиров — 2025 жылғы World Boxing әлем чемпионатының күміс жүлдегері, сондай-ақ 2021 жылғы жастар арасындағы әлем чемпионы.

Айбек Оралбай жартылай финалда үндістандық Нарендерді төрешілердің бір ауыз шешімімен жеңіп, финалға шыққан еді. Бокстағы Азиада-2026 финалдары 2 қазанда өтеді.