Қазақстан семсерлесуден Азия ойындарының қола жүлдесін алды
Қазақстанның ерлер құрамасы Азия ойындарында семсерлесуден қола жүлдеге қол жеткізді. Жартылай финалда қазақстандықтар Жапония құрамасына 34:45 есебімен есе жіберді.
Аичи мен Нагояда өтіп жатқан Азия ойындарында Қазақстанның ерлер құрамасы семсерлесуден жүлдегерлер қатарына енді.
Семсерлесуден сабля сайысында қазақстандықтар жартылай финалға дейін жеткенімен, бұл кезеңде Жапония құрамасына 34:45 есебімен жол берді.
Осылайша, Қазақстан ерлер құрамасы Азия ойындарының қола жүлдесін жеңіп алып, ел қоржынына тағы бір медаль қосты.
Команда сапында Назарбай Саттархан, Артём Саркисян, Қуаныш Ерғашбай және Нұрмұхаммед Жайлыбай өнер көрсетті.
Айта кетейік, Артём Саркисян бұған дейін жекелей сында да қола медаль иеленген болатын.