Бокс

Сұлтан Заурбек Австралияда жеңістен кейін елге арнау жасады

Қазақстандық боксшы Сұлтан Заурбек Австралиядағы IBF титулының міндетті үміткері үшін өткен жекпе-жекте жеңіске жеткен соң ойын айтты. Ол бұл табысты Қазақстан халқына арнады.

Қазақстандық боксшы Сұлтан Заурбек Австралияда өткен маңызды жекпе-жектен кейін жан тебірентерлік мәлімдеме жасады. Ол бұл жеңісті барша қазақ еліне арнады.

Заурбек өз сөзінде Қазақстанды құттықтап, Австралияда алғаш рет жұдырықтасқанын атап өтті. Сонымен бірге қарсыласы Джексон Инглендке алғысын білдіріп, оны өте мықты боксшы деп бағалады.

«Ассаламалейкум, Қазақстан. Бұл жеңіс – бүкіл халықтікі. Австралия, үлкен рахмет. Мен мұнда бірінші рет жекпе-жек өткіздім. Мұндағы адамдар өте жақсы. Рақмет, Джексон, бауырым. Біз күнде мүмкіндік іздейміз, рингте де мүмкіндік іздейміз. Сен өте мықты австралиялық боксшысың», — деді Сұлтан.

Боксшы бұл жеңісін Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға да арнап, халықтың амандығын тіледі. Ол еліміздің болашағы жарқын болып, Қазақстанның дамуы жалғаса беруін айтты.

Квинслендте өткен бұл кездесу екінші жартылай жеңіл салмақта өтті. Заурбек австралиялық Джексон Инглендті (19-3, 10 КО) төрешілердің бірауыздан шыққан шешімімен жеңіп, IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағының міндетті үміткеріне айналды.