Владислава Кухта бокстан Еуропа чемпионы атанды
Қазақстан құрамасының бұрынғы мүшесі Владислава Кухта Софияда өткен Еуропа чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. Ол финалда ресейлік Людмила Воронцованы ұтып, Венгрия сапында топ жарды.
Бокстан Қазақстан құрамасының бұрынғы өкілі Владислава Кухта Софияда (Болгария) өткен 2026 жылғы Еуропа чемпионатында топ жарды. Қазір Венгрия атынан сынға түсіп жүрген спортшы 57 келіге дейінгі салмақта алтын медаль иеленді.
Финалда Кухта ресейлік Людмила Воронцовамен қолғап түйістірді. Төрешілер бірауыздан жеңісті Кухтаның пайдасына шешіп, оған чемпиондық атақ берді.
Чемпионат барысында ол грек Панайота Кузилуды мерзімінен бұрын жеңді. Кейін ширек финалда француз Амина Зиданины, жартылай финалда ирландиялық Микейла Уолшты тізе бүктірді.
Қазақстан сапында өнер көрсеткен кезеңінде Владислава Кухта екі мәрте ел чемпионы атанып, 2021 жылы Дубайда өткен Азия чемпионатында күміс медаль алған. 2023 жылдың соңында ол спорттық азаматтығын өзгертіп, Венгрия намысын қорғауға кірісті.
Софиядағы жарыс World Boxing аясында өткен алғашқы ресми құрлықтық чемпионат болды.