Бокс

Жәнібек Әлімханұлының титулына екі үміткер аталды

Британдық журналист Эшли Фиссенден Жәнібек Әлімханұлына WBO чемпионы атағы үшін қарсылас болуы мүмкін екі боксшыны атады. Олар — Диего Пачеко мен Джейкоб Бэнк.

Британдық журналист Эшли Фиссенден қазақстандық Жәнібек Әлімханұлының WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін келесі қарсыластары ретінде екі боксшыны атады.

Оның айтуынша, титул бос қалған жағдайда Жәнібекке екінші орында тұрған Диего Пачеко немесе үшінші орында жүрген Джейкоб Бэнкпен жекпе-жек өткізуі мүмкін.

Диего Пачеко — 25 жастағы америкалық боксшы, мексикалық текті. Оның қоржынында 26 жеңіс бар, соның 19-ын нокаутпен аяқтаған. Сондай-ақ ол WBC Silver белбеуінің иегері және бойы 193 сантиметр.

Пачеко 2026 жылдың басында WBO рейтингінде екінші орында тұрған, алайда вакантты әлем чемпионы атағы үшін Хамза Ширазбен айқасудан бас тартқан.

Джейкоб Бэнк те 25 жаста. Дат боксшысы 20 жекпе-жектің бәрінде жеңіске жеткен, оның 11-ін нокаутпен аяқтаған. 2026 жылдың қаңтарында ол бұрынғы IBF әлем чемпионы Уильям Скаллды 12-раундта нокаутқа жіберіп, сенсация жасаған.

18 қыркүйекте Хамза Шираз WBO чемпионы атағынан өз еркімен бас тартып, Жәнібек Әлімханұлымен жоспарланған жекпе-жек өтпейтінін ресми түрде мәлімдеген еді. Шираз бұл шешімін WBO-ның Әлімханұлын допинг ережесін бұзды деген айыппен салынған шектеуден ертерек босатуы, сондай-ақ қаржылық шарттарға көңілі толмауы себеп болғанымен түсіндірді.