Алексей Луценко Азиададан кейін мансабын аяқтайтынын айтты
Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Аичи мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында жеке сайыста топ жарды. Бұл жеңіс оның Азия ойындарындағы бесінші алтын жүлдесі болды, ал спортшы Жапониядағы дода мансабындағы соңғысы екенін мәлімдеді.
Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко Аичи мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында жеке жарыста бірінші келді. Осылайша ол тағы бір мәрте құрлық додасының чемпионы атанды.
Жарыстан кейін спортшы бұл алтын оның карьерасындағы Азия ойындарындағы бесінші жеңісі екенін айтты. Луценко үшін бұл табыс ерекше мәнге ие болды, өйткені ол Жапониядағы жарыстан соң спорттық мансабын аяқтайтынын мәлімдеді.
«Мен үшін Қазақстан намысын қорғап, Азия ойындарының ең биік тұғырына көтерілу әрдайым ерекше қуаныш. Таңертең Рината Сұлтанованың алтын медаль алғаны да көңіл-күйімізді көтерді. Бұл біздің құрамаға серпін берді. Жеңіске жеттік. Бұл — Азия ойындарындағы менің бесінші «алтыным». Осы стартқа тыңғылықты дайындалып, міндетті түрде жеңуді қаладым. Мені қолдап, дайындық барысында көмектескендердің бәріне алғыс айтамын. Әсіресе бас бапкер Дмитрий Муравьевке ризашылығым шексіз. Жыл басы мен үшін сәтті басталған жоқ. Спортта құлдырау да, өрлеу де болады, менде ол тіпті жаттығу кезінде болған жарақат түрінде көрінді. Дмитрий кәсіби спортшы ретінде мен бастан өткерген жағдайды жақсы түсінді. Ол қолдап, жігерлендіріп отырды. Соның арқасында Азия ойындарына дайындығымды пысықтап, мұнда нәтижеге қол жеткіздім. Бірақ біз үшін жарыс әлі біткен жоқ. Үш күннен кейін бізді топтық жарыс күтіп тұр. Қазақстанда мықты команда бар, сондықтан жүлде үшін күресіп, барымызды саламыз. Бұдан бөлек, бұл менің соңғы Азия ойыным. Жапониядағы дода аяқталған соң карьерамды тәмамдаймын, сондықтан бұл жеңістің мен үшін орны бөлек», — деді Алексей Луценко.
Айта кетейік, Луценко алғаш рет 2014 жылы Азия ойындарының чемпионы атанған. Сондай-ақ ол 2018 және 2022 жылдары да жеңімпаз болған. Қазіргі таңда спортшының еншісінде Азия ойындарының бес алтын және бір күміс медалі бар.