Қазақстан Азиада-2026-ның алғашқы күнінде алты медаль жеңіп алды
Айти мен Нагояда өтіп жатқан Азиада-2026-ның бірінші күнінде қазақстандық спортшылар төрт алтын және екі қола медаль иеленді. Қазіргі есеп бойынша Қазақстан медаль кестесінде төртінші орында тұр.
Жапонияның Айти мен Нагоя қалаларында өтіп жатқан Азиада-2026 жарыстарының алғашқы күнінде Қазақстан құрамасы алты медаль еншіледі. Оның төртеуі — алтын, екеуі — қола.
Алексей Луценко мен Рината Султанова веложарыста жеке есепте топ жарды. Каратэде де Қазақстан екі мәрте жеңіске жетті: ерлер арасында Жоламан Бигабыл 55 келіде, ал әйелдер бәсекесінде Софья Берульцева 68+ келі салмақта чемпион атанды.
Қола медальді триатлоншы Арлан Жанабай жеңіп алды. Сондай-ақ ерлердің қазіргі бессайыс құрамасы да үшінші орынға көтерілді. Құрама сапында Темірлан Әбдірайымов, Тихон Варехин, Лев Чувашов және Кирилл Стадник өнер көрсетті.
Осы нәтижеден кейін Қазақстан жалпыкомандалық медаль кестесінде төртінші орынға жайғасты.
Ал жарыстың алғашқы күнінде Қазақстанның әйелдер волейбол құрамасы ширек финалда Оңтүстік Кореяға есе жіберіп, жүлдесіз қалды. Әйелдер арасындағы қазіргі бессайыста да қазақстандықтар жүлде тұғырынан көріне алмады, құрама төртінші орынмен шектелді.
Аралас жекпе-жекте Қадырбек Шынбаев (71 кг, modern), Санжар Әділов (65 кг, traditional) және Еркінғали Бүркітали (77 кг, traditional) жартылай финалға шықты.