Криштиану Роналду «Әл-Насрды» сатып алмақшы инвесторлар тобына кірді
Криштиану Роналду Эр-Рияд клубын сатып алуды көздеген халықаралық инвесторлар консорциумының құрамына енді. Егер келіссөз сәтті аяқталса, португалиялық шабуылшы «Әл-Насрдың» ортақ иесіне айналуы мүмкін.
«Әл-Насрдың» шабуылшысы Криштиану Роналду Эр-Рияд клубын сатып алуды жоспарлаған халықаралық инвесторлар консорциумының құрамына қосылды.
Роналду бұл жобаға RedBird Capital инвестициялық қорының негізін қалаушысы әрі италиялық «Миланның» иесі Джерри Кардиналемен және Сауд Арабиясынан шыққан үш кәсіпкер — Ибрахим Әл-Мухаидиб, Мохаммед Әл-Хурайджи және Шараф Әл-Хариримен бірге кірген.
Консорциум Сауд Арабиясының мемлекеттік инвестициялық қоры — PIF-ке ресми өтініш жолдауды көздеп отыр. Қазір клуб акцияларының 75 пайызы осы қорға тиесілі.
Тараптардың әрқайсысы мәмілеге кемінде 92 миллион еуро салуға дайын. Келіссөздер сәтті өтсе, Роналду өзі ойнап жүрген клубтың ортақ қожайындарының біріне айналады. Консорциум өкілдері мен PIF арасындағы кездесу жақын уақытта өтуі мүмкін.
Роналду «Әл-Насрда» 2023 жылғы 1 қаңтардан бері өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде 41 жастағы португалиялық форвард барлық турнирде 155 матч өткізіп, 132 гол соқты және 23 голдық пас берді.
Ол клуб тарихындағы ең үздік сұрмерген атанып, бір маусымда 35 гол соғу арқылы чемпионаттың абсолют рекордын орнатты. Сондай-ақ, ол 2025/2026 маусымында Сауд Арабиясының чемпионы атанып, Араб чемпиондар кубогын жеңіп алды.