Қазақстанның Азиада-2026 ойындарындағы ту ұстаушылары белгілі болды
Жапонияда өтетін жазғы Азиада-2026 ашылу салтанатында Қазақстанның мемлекеттік туын дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов пен үстел теннисшісі Сарвиноз Мирқадирова алып шығады.
Жапонияда өтетін XX жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатында Қазақстан делегациясының туын дзюдодан Олимпиада чемпионы Елдос Сметов пен үстел теннисінен Сарвиноз Мирқадирова ұстап шығады.
Бұл туралы Қазақстан дзюдо федерациясы хабарлады. Жазбада Елдос Сметов пен Сарвиноз Мирқадирова Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын XX Азия ойындарының ашылу рәсімінде алып шығатыны айтылған.
XX жазғы Азия ойындары жапонның Нагоя қаласы мен Айти префектурасында 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанда жабылу салтанатымен аяқталады.
Көпсайысты додаға 45 елдің спортшылары қатысады. Қазақстан құрамасының сапында шамамен 560–570 спортшы бар, олар 35 спорт түрінен жүлде үшін таласады.